ҒАСЫР ЖЫРЛАҒАН ЖЫРАУ

Категория: Статьи
Дата: 16.11.2024
Просмотры: 12 Печать страницы
ҒАСЫР ЖЫРЛАҒАН ЖЫРАУ

Ғасыр жырлаған жырау

Айтыс өнері – қазақтың ауыз әдебиеті арқылы ежелден әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан қайталанбас поэзия жанры, дәуірлер бойы қалыптасқан халықтық дәстүрдің үлкен түрі. Зерттеушілердің мәліметіне сүйенсек, айтыс өнерінің шығу тарихы сонау ертеден қалыптасқан деседі. Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты жинағындағы «Қыс пен Жаздың айтысын», сондай-ақ, Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хикметіндегі» «Тозақ пен Пейіштің» айтысын дәлел ретінде айта аламыз. Қазақ айтысындай елге көптеп тараған сөз өнері өзге елде кездеспейді. Бұл – ақиқат! Бұл дегеніміз – қазақ халқының сөз өнеріне, жыраулық поэзияға, айтысқа деген ерекшелігін білдіреді.  Тарихта елдің мәдени-рухани өміріне белсене араласып, ұлттық өнерімізді дамыту жолында елеулі еңбек еткен тұлғаларымыз аз емес. Солардың бірі – айтыс өнерінің жарық жұлдызы, жыршы, эпик, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы, ақын Жамбыл Жабайұлы. Жамбыл – шынайы шындықтың көркем суреткері. Бір ғасыр жасаған ақын саналы ғұмырын айтыстың дамуына үлес қосты. Ол жыраулар поэзиясының үлгісінде бүгінгі мен өткенді сабақтастыра білген ақын. Ұстазы Сүйінбай секілді ешкімге жалтақтамай, айтарын астарламай, ащы шындықты шымбайға батырып айтқан ақын. Өзінің ізбасарларының ішінен де атағы Алатаудай ақындар көптеп шыққан. Олардың ішіндегі атын атап өтетін болсақ Кенен, Шашубайлармен иық тірескен жерлестеріміз Қуат Терібаев, Қалқа Жапсарбайұлы, Темірғали Рүстембеков, Әбікен Сарыбайұлы және тағы басқалар.

Бүгінде ақын жайлы жаңа зерттеулер жазылып та, насихатталып та келеді. Бүгінде ақынның мұрасы 44 тілге аударылған. Ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын тағы бір үлкен дүние – ақынның сол мұраларын сақтау, өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау. Бұндай ұлы істе музей мамандарының еңбектері ерен. 15 қараша күні Жетісу облыстық Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде Алматы облысындағы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейімен музей аралық байланысты нығайту  мақсатында ұйымдастырылған ақын, жыршы Жамбыл Жабайұлының өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Ғасыр жырлаған ақын» тақырыбында жылжымалы көрменің ашылу салтанаты өтті.

Өскелең ұрпаққа ақынның өнегелі өмір жолы мен тұлғалық қырын,  шығармашылығын таныстыру, әдеби  мұрасын насихаттау, жастардың бойына ұлттық рух, өнерге деген құрметті дарытуды мақсат тұтқан шараға Жамбылдың ұрпақтары, мәдениет қызметкерлері, Талдықорған индустриялық колледжінің студенттері, қалалық №4 М.Горький атындағы орта-мектеп оқушылары қатысты.

Көрме экспозициясында ақынның өзі ұстаған домбырасы, Мәскеу қаласына сапар кезінде киген шапаны, телефон аппараты, сонымен қатар елімізге белгілі суретшілердің туындылары және тағы басқа да құнды музей экспонаттары көпшіліктің назарына ұсынылды. Көрмені тамашалауға келген жастар шара барысында музей мамандарынан Жамбыл Жабайұлына қатысты көкейдегі сұрақтарына да жауап алды. 

Қалқаман АБДРАХМАНҰЛЫ,

Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы

атындағы тарихи-өлкетану музейінің редакторы