Ғибратты ғұмыр иесі

Категория: Новости
Дата: 23.10.2018
Просмотры: 461 Печать страницы
Ғибратты ғұмыр иесі

Қазан айының 22 жұлдызында І.Жансүгіров атындағы тарихи- өлкетану музейінде "Ғибратты ғұмыр иесі" атты тақырыпта Фатима Ғабитоваға арналған көрме өтті. Көрермендер көрме барысында Фатима Ғабитованың өмірімен және көзі тірісінде пайдаланған жеке заттарымен сонымен қатар сирек кездесетін фотосуреттерімен танысты.
Қазақтың Бiләл Сүлеев, Iлияс Жансүгiров, Мұхтар Әуезовтей алтын ұлдарына жар болған ардақты ұстаз, аяулы ана Фатима Ғабитованың өмiр жолы көпке сабақ боларлықтай. Алдымен, жетi баланы дүниеге әкелiп, тәрбиелеп жеткiзген, қазақтың марғасқа азаматтарына сүйенiш бола бiлген Фатима Ғабитова туралы аз-кем ақпарат келтiрсек. Өзi туралы «Менiң тағдырым – тұнған азап пен қасiрет. Жазықсыз басыммен кiмге, неге иiлмедiм мен? Менiң бүкiл ғұмырым ұлы айрылысулардан тұрады. Менiң өмiрiм күзгi жапырақ көмген түнгi далаға ұқсайды» деп жазған Фатима ана өз заманында көзi ашық, көкiрегi ояу, оқыған қыздар қатарында болған.
17 жасында жас ағартушы Бiләл Сүлеевке қосылған Фатима Жәнiбек, Фарида, Азат есiмдi балаларды өмiрге әкеледi. Жас отбасының Фарида есiмдi қызы он жасқа толғанда қайтыс болады. Артынша қауiпсiздiк органдары Бiләл Сүлеевтi тұтқындап әкетедi. 1932 жылы Фатима Бiләлдiң жақын досы, ақын Iлияс Жансүгiровпен отбасын құрады. Ақынның отбасында Үмiт, Ильфа, Болат деген үш перзент дүниеге келедi. Көп уақыт өтпей, Iлияс та тұтқындалып, 1938 жылы ақпанда атылады. Фатима басын қатерге тiге отырып, Iлиястың көптеген қолжазбаларын сақтап қалады. Екiншi рет «халық жауының әйелi» атанған келiншек Семейге жер аударылады. Бiраз уақыттан кейiн Алматыға қайта оралғанда, қолында 5 баласы бар жалғызбасты әйелге Мұхтар Әуезов қамқор болады. Бұл отбасында қазақтың дарынды ұлы Мұрат Әуезов дүниеге келедi. 
Қазақтың үш арысының жары болған Фатима өмірге текті ұрпақтар әкеліп қана қоймай, әр баласының адам болуына, әкелерінің жолын жалғастыруларына барынша үлес қосқан. Педагогшы, аудармашы, редактор қызметін атқарып, қазақтың сауатын ашуына барынша үлес қосқан.