"Ұлт жанашыры"

Категория: Новости
Дата: 20.11.2018
Просмотры: 770 Печать страницы

І.Жансүгіров атындағы тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен "Мамания" орта мектебінің 9 сынып оқушыларына белгілі Қоғам қайраткері Б.Сыртанов жайлы "Ұлт жанашыры" атты тақырыпта лекция оқылды.
Барлыбек Сыртанов 1866 жылы Жетісу губерниясы Қапал уезінің Арасан болысындағы Қарашоқы елді мекенінде туған. Әкесі Сыртан ел ішінде турашылдығымен, өткірлігімен көзге түскен, ақыл –парасаты мол, батыр адам болған екен. Заман ағысын аңғара білген, Сыртан батыр Тұрлыбек пен Барлыбек есімді екі ұлын 1877 жылы Верный қаласында ашылған ерлер гимназиясына оқуға береді. Тұрлыбек денсаулығына байланысты гимназияның 4 класын бітірісімен Ресейдің Шәуешектегі консулдығында тілмаш болып орналасады. Ал, Барлыбек 1886 жылы гимназияны үздік бітіріп шығады. Мектеп директоры Д.Новак шәкіртінің оқуға деген таудай талабын байқап, Жетісу облысының губернаторына Барлыбектің оқуды университетте жалғастыруы үшін қаражат бөлуін сұрайды. Жетісу әскери губернаторы өтінішті қабыл алып, Барлыбек Сыртановқа арнайы стипендия тағайындайды 
Сөйтіп Барлыбек Сыртанов 1886 жылы Санк-Петербург университетінің шығыстану факультетіне оқуға түседі.Оқу бітірген соң Барлыбек Сыртанов 1891 жылы Ташкент қаласында Түркістан генерал-губернаторының қазыналық палатасында столоначальник болып қызметке қабылданады. Жетісу әскери губернаторлығының облыстық басқармасында 1894 жылы іс жүргізу бөлімімінің меңгерушісі, кейін ерекше тапсырмалардың кіші чиновнигі қызметін атқарады. 
Барлыбек Сыртанов Ресей патшалығының билік жүйесінде қызмет еткенімен орыс чиновниктерінен және қазақ бай-манаптарынан жәбір көрген қарапайым халық мүддесін қызғыштай қорғайды. Барлыбек туған елінің көзін ашу үшін Ахметкәрім Зейнулин деген азаматпен бірігіп, Қазан қаласынан 3 пұтқа жуық араб әрпін алдыртып, «Семереченские областные ведомости» газетінен «Туземный отдел» атты айдар аштырады. Бұл бөлімде көшпелі қазақ елінің аянышты тұрмысы, жердің тарылуы, отарлық саясаттың зардабы туралы мәселелер көтереді. 1905 жылы Патша өкіметі барлық мешіттерде Николай ІІ патшаның суреті ілінуі керек деген нұсқау шығарады. Барлыбек Сыртанов бұл жарлыққа қасқайып қарсы тұрады. Мұсылмандар толқуының басында, ел алдында аса беделді Барлыбек Сыртанов тұрғандықтан, губернатор нұсқауды лажсыз тоқтатады. Ресей мен Қытай билігі 1903-1907 жылдар аралығында шекара межесін қайта қарағанда Барлыбек Сыртанов бұл іске белсене араласады. Қазіргі Алматы облысының Қытаймен шекарасы Барлыбек Сыртанов белгілеуімен анықталады.
Қазақ халқының мұсылманшылықпен қатар еуропалық білімнің қажет екендігін түсінген Барлыбек Сыртанов Жетісудағы ағарту ісіне де белсене араласады. Өзінің ауқатты жерлестері Маман құттың балалары салдырған медресенің жадидтік бағытта білім беруіне ықпал етеді. «Айқап» журналы арқылы «Мамания» медресесіне оқымысты азаматтарды тартады. 
Столыпиннің жер реформасы кезінде қазақ жерін талан – таражға салуды тоқтатуға арналған қазақтар жиынын өткізіп, ұлы державалық, шовинистік ұранға қарсы үн қосады. Қазақ жерін сақтап қалудың негізгі жолы – Орталық Ресейден қазақ жеріне жаппай қоныс аударуды тоқтату қажет екендігін түсінді.
Қазақтың шұрайлы, сулы-нулы жерлері күшпен тартып алынып, орыс қара шекпенделеріне беріле бастағанда Барлыбек Сыртанов бұл басқыншылыққа үзілді-кесілді қарсы тұрады. Қазақ зиялылары бас қосқан 1905 жылғы Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаевтармен бірге Барылбек Сыртанов та Қазақ ұлтының жерге қатысты және өзгеде құқықтарын талап етіп Патшаға петиция жазады.
Барлыбек Сыртанов - мамандығы шығыстанушы болғанымен заң, құқық мәселелерімен терең айналысқан қайраткер. Барлыбек 1911 жылы Санкт –Петербург кітапханаларының бай қорын пайдалана отырып, Әлихан Бөкейхановтың тапсырысымен Қазақ елінің алғашқы Конституциясын («Қазақ елі уставы», 1911жыл, С.- Петербург С. Б. Алашинский) жазып шығады Уставтың негізгі идеясы - Қазақстанды Ресей отарынан шығару, және дербес, тәуелсіз мемлекет құру. Бұл идеяны соғыссыз, қақтығыссыз парламенттік жолмен сьезд шақырып, халық сайлаған депутаттар шешімімен қабылдауды басты мақсат етіп қояды. Сот билігіне, әйел бостандығына, жеке адам құқығына, ел басқару ісіне тоқталады.
Елге оралғаннан кейін Барлыбек Сыртанов қарап жатпай «Айқап» журналына публицистикалық мақалалар жазып, көптеген келелі мәселелер көтерді.
Қазақ даласында жүріп жатқан өзгерістерге байланысты жалпы қазақ сеьзін өткізу туралы ойларын баспасөз арқылы халыққа жеткізеді. Ауылдардың өзін-өзі басқаруын мақұлдап, «Ынтымақ ережесін» жазды. Науқасына байланысты Қапалға келіп қымызбен емделген кезінде Жетісудағы минералды су көздері бар жерлерден «Арасан», «Барлық-Арасан» санаторийнің ашылуына мұрындық болған да осы Барлыбек Сыртанов екен. Ал халық арасындағы қоғамдық, мәдени қызметі де сан қырлы.
Өкпе ауруынан айықпаған Барлыбек Сыртанов 1914 жылы 48 жасында Қапалда қайтыс болады.