«Егемен елдің кемеңгер басшысы»

Категория: Новости
Дата: 30.11.2019
Просмотры: 362 Печать страницы
«Егемен елдің кемеңгер басшысы»

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Кемеңгер Елбасы» атты салтанатты жиын өтті. Жиынға ҚР мәдениет қайраткері,  ауданның құрметті азаматы, белгілі композитор Әбдраманов Жақсылық Шәмиұлы,   С.Серкебаев атындағы орта мектептің оқушылары,  №3 Кеген орта мектебінің оқушылары, мұғалімдері қатысты.

 Жиынның мақсаты: Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен даму тарихының өзекті мәселелерін,  ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел мемлекеттілігін құрудағы тарихи рөлін, бейбітшілік пен келісім жолындағы ерен еңбегін жас ұрпаққа насихаттау.

              Аталған жиында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірбаяны, қызметі, еңбек жолы жайында сөз қозғалды. Жиында Елбасының балалық шағы жайлы, жетістікке жетер жолындағы ерен еңбектеріне құрмет ретінде әндер шырқалып, өлеңдер оқылып, күй орындалды. Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Уржигитова Меруерт Ермағамбетқызы «Егемен елдің кемеңгер басшысы» атты баяндама оқыды. Белгілі композитор Әбдраманов Жақсылық Шәмиұлы Елбасымыздың Кеген ауданына келген жылдары туралы естеліктер айтып, музей қорына өз қолынан жасап, қолтаңбасы қойылған  домбырасын сыйға тартты. Атақты «Кегенге кел» әнін домбырада орындап берді. Жиын соңында музей қонақтары «Елбасы және тәуелсіз Қазақстанның даму кезеңдері»  атты тақырыптық экскурсияны тамашалады.