2019 жылдың 21-желтоқсанында Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінде «Күн-тұмар» және «Ай-тұмар» атты поэзиялық кітаптарының (егіз кітап) тұсаукесер рәсімі өтті.
Егіз кітаптың авторлары: Қырғыз әдебиетінің жас өкілі – Перизат Алмазқызы және жас ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі – Гүлбақыт Қасен.
Жиынға атақты жазушылар мен ақындар - Б. Нұржекеұлы, Ж. Шаштайұлы, аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы: Рәтбек Терлікбаев, Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшылары: Т.Нүсіпжанұлы, Г.Мәлікқызы, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Саят Медеуов, т.б. қатысты.
Қазақ-қырғыз халқы – ежелден біртуған, бір-біріне туыс, бауыр ел. Алатауды ен жайлап, төсекте басы, төскейде малы қосылған ағайынның береке-бірлігі ежелден жалғасып келеді.
Әдебиет әлемінде де рухани достық бұрыннан бар. Бүгін біз әдеби бас қосуда – сол байланыстың заңды жалғасы іспетті қос бұрымдай , егіз өрімдей «Күн-тұмар» мен «Ай-тұмар» атты егіз кітаптың тұсаукесеріне куә болдық.
Өнер туындылар ұлтқа бөлінбейді, ол – адамзаттың ортақ игілігі. Бұл поэзияға да қатысты. Бұл жинақта Қырғыз әдебиетінің жас өкілі – Перизат Алмазқызының өлеңдері қазақ тіліне аударылса, Қазақтың талантты ақын қызы Гүлбақыт Қасеннің бір топ өлеңдері қырғыз тіліне аударылған.
Кеш жоғары деңгейде өтті. Қос ақынға шығармашылық табыс, оқырмандарыңыз көбейе берсін деп тілейміз.