«Ұлы даланың сақ өркениеті»

Категория: Новости
Дата: 20.02.2020
Просмотры: 252 Печать страницы
«Ұлы даланың сақ өркениеті»

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Алматы облыстық М.Тынышпаев атындағы тарихи–өлкетану музейінде 2020 жылдың 19 ақпан күні «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің «Ұлы даланың сақ өркениеті» атты жылжымалы көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Көрменің ашылуына Талдықорған қаласының колледж студенттері мен мәдениет мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

Көрмеге Еңбекшіқазақ ауданындағы «Рахат» қалашығы мен қорымы, Рахат тұрағы «палеолит дәуірі», Өрнек, Шошанай қорымдарынан қазба жұмыстар нәтижесінде табылған темір дәуірі кезеңіне жататын әшекей бұйымдар, қару түрлері, тұрмыстық заттар, ғұрыптық ыдыстар, т.б. жалпы саны - 60-қа жуық жәдігер қойылды. Көрме ақпан айының аяғына дейін жұмыс жасайды.

«Есік» республикалық тарихи-мәдени қорық музейімен осыған дейін де бірлесе отырып Талдықорған қаласының тұрғындарына бірнеше көрме ұсынылған болатын. Бұл атқарылып жатқан жұмыстар келешек ұрпақтың өз тарихын жетік білетін, елін, жерін сүйетін, патриот азаматтарды қалыптастыруға септігін тигізері анық. Болашақта да аталмыш музеймен және еліміздегі басқа музейлермен де өзара ынтымақтасып, жұмыс жасаймыз деген үміттеміз.

Сонымен қатар, бүгінгі шара аясында музей экспозициясы Алматы облыстық тарихи-мәдени мұра орталығы арқылы музей қорына қабылданған, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық «Геоархеология» ғылыми-зерттеу зертханасының соңғы жылдары Алматы облысында жүргізген қазба жұмыстары барысында табылған сақ дәуіріне жататын құнды мұраларымен және ұлттық жәдігерлер ордасының біріне айналған, ағайынды Айтберген, Тұрсынжан және Махмұт Құлментегілердің қолынан шыққан қару-жарақ үлгілерімен толықты.

Бұл, сол көне дәуір үлгілерін барынша жоғалтып алмай, көпшілікке насихаттау, келер ұрпаққа табыстау және қолөнер деген киелі өнерге келешек ұрпақты тарту мақсатында атқарылып жатқан игі шаралар деп білеміз.

Барлықтарыңызды көрмені тамашалауға шақырамыз!