
«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» - деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киім үлгілері әлемнің этнографиялық музейлері мен көрмелерінен орын алған. Сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық киімдер әлі де өз құндылығын жоғалтпай бүгінде трендке айналып келеді. Қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан шапан, камзол, көйлек, бас киімдер заманауи үлгіде жаңа лепке енуде. Сондай-ақ, әр мекеме ұжымы жұмыста ұлттық киім киюді дағдыға айналдырып келеді.
Наурызнаманың он күндігі аясында «Ұлттық киім күні» еліміз бойынша биыл екінші рет тойланып отыр. Осы орайда, Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» тақырыбында көрме құрды. Көрмеге ХІХ ғасырдан жеткен ер адамдарға арналған түлкі жағалы сең-сең ішік, қой терісінен жасалған ішік, қасқыр ішік, пұшпақ ішіктермен қатар сең-сең тымақ, қаракөл тымақ, түлкі тұмақ, кимешектер көпшілік назарына ұсынылды.
Көрменің ашылу салтанатына зиялы қауым, БАҚ өкілдері, мәдениет қызметкерлері, оқушылар мен студенттер қатысты.