
ЕҢБЕКПЕН ЕР АТАНҒАНДАР
Мемлекет басшысы Жолдауында кәсіптік білім беру саласына реформа жасаудың маңыздылығына тоқталып, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталатынын айтқан еді. Ел экономикасының дамуына, өндіріс, құрылыс саласының қарыштауына жұмысшы мамандарының еңбегі қашан да ерен.
Айтулы жылды насихаттауды республика бойынша алғаш болып біздің аймақ бастап кетті. Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен мәдениет мекемелері бірлескен «Еңбекпен ер атанғандар» атты көш керуенінің ашылу салтанаты Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде өтті. Еңбек адамдарына арналған көрме құрылып, оған елге танылған тұлғалардың өмірінен сыр шертетін фотосуреттер мен олардың жеке заттары, құжаттар, өткен ғасырдың әр кезеңінде Жетісу өңірінде өндірілген өнімдерден жалпы саны 145 экспонат қойылды. Бұл көрме қоғамдағы қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу, олардың өнегелі өмірін ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған. Мәдени шараға еңбек ардагерлері, мәдениет қызметкерлері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің ұстаздары мен білімгерлері қатысты. Шара барысында Еңбек Ері, «Құрмет белгісі» орденді, «Қазақ ССР-і малшаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» Шайбала Тергеуоваға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов ел атынан сый-құрмет көрсетті. Шайбала Әмірисақызы алғашқы еңбек жолын екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың шақыртуымен сүт фермасында сауыншылықтан бастайды. Республикада бірінші болып екі сағат ішінде 120 сиыр сауып, әр сиырдан жылына орташа есеппен 3800 литр сүт алып, рекорд жаңартқан. Кейін КСРО Жоғарғы Кеңесінің 6-шы шақырылымының депутаты болады. Сайлаушылар аманатымен Көксу ауданына қарасты Шұбар ауылындағы мектеп-интернаттың, аурухананың, Көксу ауылшаруашылық колледжінің 4 қабатты ғимаратын салдырады. 1984 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2013 жылға дейін негізін Алдабергеновтың өзі қалаған «Н. Алдабергеновтың мемориалды музейінің» директоры қызметін атқарды. Шайбала Әмірисақызы бүгінде еңбектің зейнетін көріп отырған аяулы жан. Шара соңында музей фойесінде арнайы құрылған көрмеге экскурсия жүргізілді. Облыстық музейден бастау алған бұл керуен әрі қарай Ескелді ауданына жол тартты. Жетісу облысының басқа да қала, аудандарын аралап, халыққа мәдени-рухани азық сыйлайды деген сенімдеміз. Ауыл, аудан тұрғындарына еңбек адамдарының өмірлік жолын әдеби және өнер туындылары арқылы насихаттап, театрландырылған қойылым, деректі фильм, ән кештерімен қолдау көрсетіп, ынталандыру жоспарланып отыр. Әр ауданның Мәдениет үйінде ұйымдастырылатын шара барысында музей, галерея және кітапхана мекемелерінің тақырыптық көрмелері ұсынылып, көпшілікке насихатталады. Қазіргі уақытта жұмысшы мамандықтары тек еңбек адамы ғана емес, экономиканың маңызды бөлігі болып қала береді. Олар технологиялық және әлеуметтік дамуды қамтамасыз етіп, қоғамның тұрақтылығын сақтауға септігін тигізеді. Жұмысшы мамандықтарының тарихы – бұл адамзат өркениетінің даму тарихы. Музейлер осы тарихты сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізетін алтын көпір. Сондықтан жұмысшы мамандықтарының құндылығын түсініп, оларды дәріптеу – мәдени және рухани байлығымызды сақтаудың маңызды қадамы деп білеміз.
Қалқаман АБДРАХМАНҰЛЫ,
Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы
тарихи-өлкетану музейінің редакторы