Музей экспозициялары
Зал №1: «Табиғат» залы
Табиғат залының экспозициясы жердің даму кезеңдері: полеозой, мезозой, кайнозой эраларына арналған экспозициядан басталады. Жетісу жерінде де кайнозой кезеңінде өмір сүрген ірі денелі сүтқоректі жануарлардың болғандығының дәлелі ретінде келушілер назарына алып мүйізтұмсықтың тасқа айналған жілік сүйегінің бір бөлігі ұсынылған. Жәдігер 1978 жылы облыстың Кербұлақ ауданының Қызылжар деген елді мекенінен табылған.
Сонымен қатар шетелдік саяхатшылардың сүйікті жері - Әнші құм (ұз. 8 км, ені-3км, һ-150м) табиғи ескерткішіне арналған диорама да осы залда көрініс тапқан. Жертасты-далалы аумақта биіктігі 150 метрді құрайтын екі құм төбе орналасқан. Осы құм төбелер кей кездері музыкалық аспаптың әуеніне ұқсас ерекше дыбыс шығарады. «Әнші құмның» ән салуын физиктер құрғақ құмдардың үйкелісі мен кристаллды электрленудің әсері деп түсіндіреді. Табиғаттың мұндай кереметі тек Қытай, Америка, Арабия және Ресей елдерінде ғана кездеседі.
Алматы облысында өсімдік пен жануарлар әлемі бірегей, ерекше қорғалатын, табиғаты тамаша 16 қорық бар. Солардың ең ірісі 520 мың га. жерді алып жатқан "Алтын Емел" МҰТС-ы. Мұнда жабайы табиғат пен туризм сәтті үйлесім тапқан. Оның аумағында сан түрлі аңдарды, құстарды кездестіруге болады. Олардың қатарында Пржевальский жылқысы, түрікмен құланы, арқар, қарақұйрық сияқты сирек кездесетін жануарлар бар. Саябақтың дәл ортасында б.з.д. ҮІІ-ҮІ ғғ. сақ дәуіріне жататын археологиялық ескерткіш - Бесшатыр қорғандары орналасқан.
Қарлы шыңдардан бастау ала құлаған сан жетпес өзендерден нәр алатын облыста 1450 көл бар. Музейге келушілер солардың ішіндегі Каспий мен Арал теңізінен кейінгі ірі көлемді және ағынсыз су қоймасы Балқаш көлінің диорамасын тамашалай алады. Балқаш көлінің ерекшелігі – оның батыс пен шығыс бөліктерінің минералдарының екі түрлі болып келетіндігінде. Батыс бассейнінің суы тұщы болса, шығысы – ащы. Көлден жыл сайын 8-10 мың тонна балық ауланады. Оның ішіндегі Балқаш ақбалығы мен алабұғасы Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген.
Жетісудың бай әрі жұмбаққа толы табиғатын зерттеуде көптеген ғалымдар еңбек сіңірді. Солардың қатарында халқымыздың тұңғыш географы, ағартушы-демократ, ғалым Ш.Уәлиханов пен оның ұстазы орыс география қоғамының төрағасы, ғалым П.П.Семенов Тянь-Шанский бар. Экспозицияда екі ғалымның саяхатының маршруты мен Шоқанның өміріне қатысты суреттер берілген.
Келесі диорамада Жетісудың таулы аймақтарының бірі Іле Алатауы мен онда тіршілік ететін жануарлар мен құстар көрсетілген.
Жер жаннаты Жетісу өңірінің даңқын аспандатып, табиғатының тамаша көркін әлемге танытқан жерлерінің бірі, Райымбек және Ұйғыр ауд-ң терр-нда орналасқан - Шарын шатқалы. Саябақ 1964 ж. бастап республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші ретінде қорғалып келеді. Сонымен қатар осы залда Жетісудың жер асты қазба байлықтарының үлгілері қойылған. Экспозицияда өңдеу және қаптау материалы ретінде қолданылатын малахит, сұр агат, ақ мәрмәр тастармен қоса яшма, нефрит, сердолик, кварц сияқты түрлі табиғи тастардан жасалған әшекей бұйымдар да бар. Бұл коллекция 2002 жылы «Асылтас» акционерлік қоғамының геологиялық музейінен алынған.
Зал №2: «Жетісудың көне және ортағасырлық тарихы» залы
Музейдің бұл залының экспозициясында ұсынылған Алматы облысының территориясында әр жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде немесе кездейсоқ табылған ескілік мұралар көне замандары Жетісу жерінде мекендеген тайпалардың өмірі мен өнері жайлы сыр шертеді.
Тас дәуірінде алғашқы тап өкілдерінің тұрақтары жерімізде табылмаса да, сол замандағы аналақ ру үстемдік еткенінің бір дәлелі – «Ұмай ана» тас мүсіні мен жаңа тас дәуіріне жататын қырғыш тастар қойылған. Бұл мүсін Алакөл ауданының жерінде кездейсоқ табылған.
Келушілер назарына ұсынылған тас балталар мен келі саптар кейінгі келген қола заманына жататын жәдігерлер. Жерлеу рәсімінің бірден-бір үлгісі ретінде қола заманында өмір сүрген андроновтықтардың жерлеу дәстүрін айтуға болады. Олар өліктің қол-аяғын бүгіп жатқызған. Бұрын бұл күй өліктен қорыққасын, оны ұйқыдағы адамдай жіппен байлаған деп түсіндіріледі. Бірақ, көне бір әдебиетте: жер өлген кісіні өз құрсағына анасындай қабылдайды, болашақта ол жаңа өмірге қайта келеді делінген. Осы сеніммен бас тұстарына тағам құйылған ыдыстармен жеке заттарын да қойып, төрт қабырғасын тас плиталармен қоршаған.
Жетісу жерін мекендеген сақтардың аса ірі ескерткіштері Бесшатыр және Есік қорымдары облысымыздың жерінде жақсы сақталып, еліміздің құнды мұрасы болып есептеледі. Экспозицияда «Есік» қорғанынан табылған «Алтын адамның» көшірмесі. Бүкіл киімі мен қару-жарағы аң стилінде дайындалған сақ жауынгерінің қабірінен 4000-ға жуық алтын пластина элементтері мен 30-ға жуық ыдыстар шыққан. Солардың бірінен бүйірінде 26 таңбадан тұратын екі жол жазу ашылды. Бұл сақтардың мемлекеті болғандығының әрі олардың жазу мәдениетін қолданғандығының дәлелі.
Көне заманнан бізге жеткен тарихи ескерткіштеріміздің бірі – балбал тастар. Экспозициядағы балбал тас мүсіндер Текелі қаласының маңынан табылған.
Археология залындағы келушілер назарын аударатын диорама – Сарқан ауданының аймағында орналасқан Қойлық қаласының (ІХ-ХІІғғ.) көрінісі. Жетісу өлкесі орта ғасырларда егіншілік пен мәдениет және сауданың орталығы болған. Бүгінгі күнге дейін Алматы облысының территориясынан археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде 80-нен аса ортағасырлық қалалар мен қалашықтардың орны ашылған. Экспозицияда әр жылдары жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған қыш құмыралар, су құбырының бір бөлігі мен май шырақтар қойылған.
Ұлттық тарихымыздағы елеулі оқиғалардың бірі – ХҮ ғ- орта шенінде қазақ хандығының құрылуы. Келушілер назарына «Ақ киізге көтеріп, хан сайлау» дәстүріне арналған көркемсурет туындысы ұсынылған.
Ұлан-байтақ, ұшы-қиырсыз даланы мекендеу қазаққа оңай тиген жоқ. Жүз жылға созылған жоңғар шапқыншылығының бетін тойтарып, қазақтардың жауынгерлік рухын асқақтатқан ұлы шайқастар Жетісу жерінде де өткен, ол - 1643 жылғы қазіргі облыстың Панфилов ауданының территориясындағы Қосқалаң тауының етегінде өткен Орбұлақ шайқасы мен 1729 жылы Балқаштың оңтүстігінде өткен Аңырақай шайқасы. Аңырақай шайқасынан көрініс беретін көркемсурет туындысын осы жерден тамашалауға болады. Жоңғарларға қарсы шайқасып, елдің ішкі-сыртқы саясатына белсене қатысып, шешендігімен танылған Жетісудың тумасы Балпық Дербісәліұлының өзі киген дулығасы бүгінгі күні музей қорының жауһар жәдігері. Музей қорына Қаратал ауданы Жоламан ауылында тұратын ұрпақтарынан алынған.
Зал №3: «Этнография» залы
Бұл бөлімнің экспозициясы қазақтың көрнекті ғалымы, ағартушы-демократы Ш.Уәлихановқа арналған экспозициядан басталады.
Ғалым жарқын талантымен, өзін тек көрнекті саяхатшы ғана емес, тарихшы-шығыстанушы, әдебиетші, географ, саясаткер, қазақ халқы мен орыс халқының арасындағы достық қарым-қатынастың дәнекері ретінде көрсете білді. Оның Тянь-Шаньға, Жоңғарияға, Шығыс Түркістанға барған сапарларындағы ғылыми еңбектері тек орыс халқының ғана емес, әлемнің шығыстану ғылымына қосқан қомақты үлесі ретінде, бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ.
Экспозициядағы Шоқан зиратының макеті досы Потанинның салған суреті негізінде жасалған.
Жетісу ақындар мен жыршылар елі. Айтыс өнерінің алтын діңгегіне айналған, ақын Сүйінбай Аронұлы мен оның шәкірті жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен Жетісудың басқа да көрнекті ақындарына келесі экспозиция арналған.
Бағзы замандардан ата-бабаларымыз жыл мезгілінің ауысуына байланысты қолайлы жайылымды жерлерді дұрыс таңдай білген. Алдыларыңызда «қазақ жайлауынан» көрініс беретін диорама ұсынылған. Облысымызда осындай табиғаты тамаша жайлаулар Райымбек ауданындағы Шалкөде, Қарқара, Асы... кездеседі.
Халқымыздың ежелгі заманнан қолданып келе жатқан баспанасы - киіз үй мен оның ішіндегі заттарды қолөнер шеберлері дайындады. Келушілер назарына ұлттық үй жиһаздары ұсынылған. Солардың ішіндегі ең құндысы ХІХ ғасырдың аяғында Сарқан ауданының ағаш шебері Ә.Әменов дайындаған, беті малдың сүйегімен және күміс шегелермен безендірілген - ағаш төсек. Және тағы бір экспозиция ХІХ ғасырдың ІІ-жартысындағы Қарқара жәрмеңкесінен көрініс береді. Экспозицияда музей қорында сақталған өзбек, орыс көпестерінің тауарлары (тігін машинкасы, мыс құмғандар), көпестердің сейфі мен таразы келушілер назарына ұсынылған.
Зал №4: Жетісу Кеңес дәуірі кезеңінде
Музейдің бұл залы Жетісудың Кеңес заманы жылдарындағы тарихына арналған. Зал экспозициясында 1918 жылдан 1986 жылға дейінгі тарихи кезеңдерге қатысты құжаттар мен суреттер орын алған. Мәселен, өлкедегі Кеңес үкіметінің орнауы, азамат соғысы жылдары, ашаршылық, репрессия, ҰОС және т.б. тарихи оқиғаларға қатысқан жерлестеріміз туралы материалдар орын алған.
Ел ұранын биік көтерген, мемлекет және қоғамдық істерге белсене араласқан, елімізде индустрияландыру науқаны басталғанда атақты Түрксіб құрылысында бас инженер болған, өз ғұмырын халқының тәуелсіздігіне арнаған М.Тынышпаевтың өмірі мен қызметіне арналған экспозициялық комплекс осы залда безендірілген.
Ол қоғамдық қызметімен қатар қазақ халқының өткен тарихына терең үңіліп, қазақ халқының шығу тегі туралы деректерді ұзақ жылдар бойы жинақтайды. Кейінірек оны қазақ шежіресін жазуға негіз етеді. Оның «17-18 ғғ. Қазақ-қырғыз тарихы», «Ақтабан шұбырынды» атты еңбектері ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының тарихын зерттеуге елеулі үлес болып қосылды.
ХХ ғасырдағы ірі тарихи оқиғалардың бірі - ҰОС. Алматы облысынан отанын қорғауға 120 мың-нан астам жерлесіміз аттанып, оның 48 мың-нан астамы майдан даласында қаза тапты. ҰОС-ғы көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін 53 жерлесімізге Кеңес Одағының Батыры, 7-уіне Даңқ ордені, ал Б.Бейсекбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілді. Айбынды 28 Панфиловшылардың да 11-і жетісулықтар. Бұл бөлімдегі қызығушылық туғызатын экспонат – 1910 жылғы «Максим» үлгісіндегі пулемет.
Соғыстан кейінгі жылдары елдің ауыл шаруашылығы мен экономикасы айтарлықтай дамыды. Оның көтерілуіне аянбай еңбек еткен 193 жерлесімізге СЕЕ атағы берілді. Бұл бөлімдегі экспозицияларда ХХ ғасырдың ұлы саясаткері, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ҚҒА академигі (1952) - Д.Қонаев, СЕЕ атағын екі рет иеленген Н.Алдабергенов пен Н.Головацкий және т.б. туралы мәліметтер берілген.
Осы бөлімнің экспозициясындағы құнды жәдігерлердің бірі - белгілі композитор, КСРО халық артисі, Жетісудың тумасы Мұқан Төлебаевқа тиесілі пианино. Дәл осы пионинада композитор өзінің шоқтығы биік шығармасы, өзін музыка әлемінің шырқау шыңына көтерген «Біржан-Сара» операсын жазған.
Кеңес дәуірі тұсындағы Жетісу тарихы Қазақ халқының тарихындағы тәуелсіздік жолында болған тарихи оқиғалардың бірі, ұлт тағдырында өшпес із қалдырған – Желтоқсан көтерілісі туралы экспозициямен аяқталады. Көтеріліске қатысқан жерлестеріміз Панфилов ауданының түлектері Ербол Сыпатаев пен Ляззат Асанова және осылармен есімі қатар аталатын Қайрат Рысқұлбековте желтоқсан құрбандарының бірі.
Зал №5: Тәуелсіз Қазақстан
Қазақстан Республикасы және оның ішінде Алматы облысының жеткен тамаша табыстары туралы материалдар музейдің соңғы «Тәуелсіздік» бөлімінде орын алған. Тәуелсіздік залы егемендігіміздің 20 жылдығына орай безендірілген. Осы бөлімде жеке экспозициялық комплекс ғарышкерлерге арналған.
Жетісулықтардың мақтанышы, Қазақстан ғарышкері, Халық Қаһарманы, жерлесіміз – Айдын Ақанұлы Айымбетов. Тәуелсіздік залында Айдын Айымбетовке және басқа да жерлес-ұшқыштарымызға арналған экспозициялық комплекс безендірілген.