НОВОСТИ

МУЗЕЙ ҚОРЫ АҚЫННЫҢ ЖЕКЕ ЗАТТАРЫМЕН ТОЛЫҚТЫ

МУЗЕЙ ҚОРЫ АҚЫННЫҢ ЖЕКЕ ЗАТТАРЫМЕН ТОЛЫҚТЫ

Жетісу топырағынан түлеп ұшқан айтыскер ақын, әнші, сазгер Жандарбек Әкімбекұлы Бегімбетовтің өнер жолынан сыр шертетін құнды жәдігерлер Жетісу облысының М. Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорын толықтырды. Музей қорына өнерпаздың жеке қолданысында болған домбырасы мен баяны, өмірінің әр кезеңінен сыр шертетін түпнұсқа фотосуреттері, сахнада киген шапандары және өзге де тарихи маңызы бар заттары қабылданды.

Бұл жәдігерлер бір кездері ақынның қолында күмбірлеген домбыра, әсем әуенге тербелткен баян, өнер сахнасында киген киімдері еді. Әрқайсысы Жандарбектің шығармашылық әлемінен, өнерге деген құштарлығынан, ел жадында қалған жарқын бейнесінен сыр шертеді.

1980–1990 жылдары айтыс өнерінің қайта жаңғыруына өзіндік үлес қосқан Жандарбек Бегімбетов аз ғұмырында ақындық, әншілік, сазгерлік қырларымен дараланып, тыңдарман жүрегінен орын алды. Оның «Әкеме», «Анама», «Ұстазыма», «Солдат сағынышы», «Жалғыз аққу» сынды әндері – өнерпаздың сезім әлемі мен рухани болмысын танытатын шығармалар.

Музей үшін әрбір жәдігерді сақтау – өткенді бүгінге жеткізу, ал оны келешек ұрпаққа таныту – ұлт руханияты алдындағы жауапкершілік. Өнерпаздың өзі арамызда болмаса да, оның үні мен өнері, өмірінен қалған жәдігерлері халық жадында жасай береді. Өйткені уақыт өтеді, ұрпақ алмасады, ал өнердің ізі өшпейді!

Қарлығаш Тұтқабаева,

Музейдің бас қор сақтаушысы.