Музейде Республика күніне орай танымдық іс-шара өтті
Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай «Республика – елдігімнің айғағы» атты танымдық іс-шара өткізілді. Тағылымды шараға Талдықорған қаласындағы №2, №4 және №18 мектептердің оқушылары қатысты.
Шара барысында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті колледжінің студенті Дильназ Аркинова Ілияс ақынның «Жетісу суреттері» атты туындысын нақышына келтіре оқыды. Сонымен қатар, оқушыларға Республика күнінің шығу тарихы, бұл мейрамның еліміз үшін маңызы мен тарихи мәні туралы кеңінен баяндалып, Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы маңызды кезеңдері туралы құнды мәліметтер берілді. Өскелең ұрпақтың танымын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған интеллектуалды ойынның жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шараның соңында Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің студенті Бауыржан Құштардың орындауында «Атамекен» әні жиналған қауымға ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
