НОВОСТИ

Жазушының қолжазбасы

Жазушының қолжазбасы

Музей қорындағы әрбір жәдігер – өткеннің бізге қалдырған аманаты. Сол аманаттың ғылыми, тарихи және мәдени тұрғыдан қаншалықты құнды екенін анықтау – музей қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі.

Жетісу облысының М.Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі қорында сақтаулы тұрған көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романының қолжазбасы – музейлік маңызы жоғары бірегей жәдігерлердің қатарына жатады.

Қолжазба музей қорына 1980 жылы автордың өз қолымен тапсырылған. 122 беттен тұратын қалың дәптерде танымал шығарманың екінші бөлімі толық жазылған. Бұл жәдігер жазушының шығармашылық лабораториясын, көркем ойдың қалыптасу үдерісін айқын көрсететін түпнұсқа дерек көзі болып табылады.

Экспонаттың тарихи құндылығы оның белгілі бір кезеңдегі әдеби және рухани ахуалды бейнелеуінде. Сонымен қатар, қолжазбаның түпнұсқалығы мен бірегейлігі – музейлік маңыздың басты критерийлерінің бірі. Дәптердің ішкі мұқабасында жазушының «Талдықорған облыстық музейіне сыйға» деген жазуы мен жеке қолтаңбасының болуы жәдігердің деректік айқындылығын арттыра түседі.

Қолжазбаның сақталу деңгейі жақсы, бұл оны ғылыми зерттеу мен экспозициялау үшін қолайлы етеді. Ол әдебиеттану, тарих және мәдениеттану салаларындағы зерттеулерге маңызды материал бола алады. Сонымен қатар, жазушының өз қолымен жазылған мәтін келушілерге ерекше эмоциялық әсер қалдырып, музей экспозициясының мазмұнын тереңдете түседі.

Әнуар Әлімжановтың қолжазбасы – ұлттық әдеби мұраны сақтаудың және музей қорын ғылыми тұрғыда толықтырудың жарқын үлгісі. Мұндай жәдігерлер арқылы музей қоғамның тарихи жадын сақтаушы маңызды мәдени кеңістік ретінде өз миссиясын атқарады.