НОВОСТИ

Тарих сынағындағы халық тағдыры

Тарих сынағындағы халық тағдыры

          ХІХ ғасырдан бастап қазақ даласында әр он жыл сайын ашаршылық жүріп отырған. Әсіресе кеңестік билік орнаған тұста әр жылдары болған ашаршылықтың ауқымы мен зардабы өте үлкен еді.  Қазақ даласындағы болған зұлматтың бірнеше себептері бар. Олар: патшалық биліктің жіберген жазалаушы әскерінің басқыншылығы, Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Азаматтық соғыстың басталуы, большевиктердің қазақтардың мал-мүліктерін тәркілеу мен күштеп ұжымдастыру. Сондай-ақ, індет пен құрғақшылық та кері әсерін тигізген. Кеңестік биліктің қазақ халқына жүргізген саясатына қарсылығы 1928-1932 жылдар аралығында елдің әр аумағында қамтыды. Тарихшы-ғалым Тұрғанбек Алланиязовтың зерттеулеріне сүйенсек көтерілістердің саны 545-ке жеткен. Солардың ішінде Жетісу облысындағы Бүйен-Ақсу, Қаратал, Қоғалы, Бөрібай сияқты бірнеше көтерілістер болған. Ал, ол көтерілістің барлығы большевиктердің күшімен басылып, жаншылғаны белгілі.

          Қазақстан өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Голощекиннің 1931-1933 жылдардағы қолдан жасаған қызыл қырғыны – ең қасіреттісі, ең ауқымдысы болды. Мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша 2 млн 100 мың адам құрбан болғандығы туралы дерек келтірілсе, кейбір ғалымдардың зерттеулерінің дерегіне сүйенсек Кеңестік биліктің солақай саясатының салдарнынан халықтың 50-60 пайызға жуығы ажал құшқандығы айтылады.

         Биыл 1931-1933 жылдардағы ашаршылыққа 95 жыл! Алда келе жатқан 31 мамыр ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Тарих сынағындағы халық тағдыры» атты республикалық деңгейде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталған шара Үштөбе қаласындағы Қаратал тарихи-өлкетану музейінде өтті. Келген қонақтарға Алматы облысы музейлер бірлестігіне қарасты Саяси қуғын-сүргін музейінің жылжымалы көрмесі таныстырылды.

Дөңгелек үстелге алаштанушы, тарихшы-ғалым Манкеев Нұрдәулет Белекұлы, Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Мұхатова Оразгүл Хасенқызы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі Өнербек Қуанған, сондай-ақ, мәдениет қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

               Алғашқы болып баяндама оқыған Нұрдәулет Белекұлы патшалық ресей кезеңінен бастап кеңестік билік тұсындағы елді отарлау, ұжымдастыру, 1928 жылдардағы байларды тәркілеп, жер аудару туралы айтып, «Буржуазиялық ұлтшылдар» деген жалған айып тағылған алаш қайраткерлері мен ұлт зиялыларын қудалау тақырыбына кеңірек тоқталды. «Патшалық ресей мен кеңестік биліктің жүргізген отарлау саясатының басты негізі жердің асты мен үстіндегі бар байлықты игеру, сол арқылы елге үстемдік орнату болатын. Ұжымдастыру, тәркілеу, түркісіб теміржолын салудағы мақсат та кеңестік биліктің стратегиялық саясаты...» - дейді Нұрдәулет Белекұлы. Тарих ғылымдарының докторы Оразгүл Мұхатова өзі құрастырған «1931-1933 жылдардағы ашаршылық: Жетісу облысы бойынша нәубет куәгерлері мен ұрпақтарының естеліктері» атты көптомдық жинақ бойынша баяндама жасады. Жетісудағы аламат аштық кезіндегі өңірдегі ахуал, саяси жағдай айтылып, архивтік деректемелер келтірді. «Қаратал ауданы, Үштөбе поселкесінен Мәскеуге, Сталинге 1932 жылы жолданған жеделхатта: Ауданның барлық аймақтарын аштық жайлады. Балқаш көлінің жағасындағы үш ауылдың тоз-тозы шығып тарап кетті. Қалған алты әкімшілік аумағындағы ауылдардың 63 пайызы аштыққа душар болды, ал қалған тұрғындар да көмекке зәру. Аштық 1931 жылдың желтоқсан айында елді жаппай қамтыды. Нақтылай мәлімет бойынша 600 адам өлген, ашыққандар арам өлген жылқының еті мен ішек қарнын жей бастады» Сондай-ақ, жетісудағы адам санының күрт азайып, өлген адамдардың етін жейтіндердің пайда болғаны, өз балаларын асырай алмайтын болған соң интернатқа өткізгендердің саны артқандығы айтылды. Кейін ол балалар туралы ешқандай мәлімет табылмаған жағдайлар болған. Ондай оқиғалардың бірін мысалға келтірген Оразгүл Хасенқызы: «Аштық кезінде Сағабүйенде тұратын бір келіншек үш баласын асырай алмайтын болғаннан соң Қапалдағы балаларға арналған интернатқа өткізген. Алайда, кейін жағдай тұрақталып, ел есін жиған тұста ол балалардың бар-жоғын, қайда екені туралы бірде-бір мәлімет таппаған» - дейді. ҚР Президенті архивінің негізін ала отырып дереккөздерді саралаған Жетісу университетінің оқытушысы Өнербек Қуанған кеңестік жүйенің қолдан жасаған аштыққа қарсылық білдірген ұлт зиялыларының әрекеттерін баян етті.

           Жетісудағы ашаршылық тақырыбында өлке тарихына қатысты естеліктер мен деректемелерді жинауда еңбек еткен Қаратал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, өлкетанушы Рахымғали Өтегенов келелі жиын соңында көпшілікке ақ батасын беріп, ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесінің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, тағылымды шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ризашылығын білдіріп, жиынға қатысушыларға алғысын жеткізді.

           Иә, бір сөзбен айтқанда, ұлт тарихымен тәрбиеленеді. Бүгінде ашаршылық құрбандарын еске алу – тарих алдындағы маңызды парыз. Бұл басқосу – өткеннен сабақ алып, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің қадірін түсінуге үндейді. Ал өткен ғасырда ұлт жадында мәңгі сақталған қаралы күндерді тарихи қасірет, тіпті қолдан жасалған геноцид ретінде тану – келер ұрпақ алдындағы әділетті көзқарастың көрінісі болмақ.

 

Қалқаман АБДРАХМАНҰЛЫ,

Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің редакторы